Орта ғасырлардағы Орта Азия мен Шығыс Түркістанның ортақ тарихи байланыстары
Қаралымдар: 229 / PDF жүктеулері: 136
DOI:
https://doi.org/10.32523/2616-6887-2025-151-2-225-239Кілт сөздер:
Орта Азия, шығыс Түркістан, Тарихи-география, өзара байланыс, ортағасырлар, Қара Хандар дәуірі, Қара Қидан дәуірі, Шағатай ұлысы, Моғолстан, арихи байланыстар, әкімшілік территория, салық саясаты, бірлікте басқаруАңдатпа
Мақалада ортағасырлардағы Орта Азия мен Шығыс Түркістанның тарихи-географиялық байланысы зерттеледі. Аталмыш екі аймақ ерте замандардан бері Батыс пен Шығыстың рухани-мәдени және экономикалық қарым-қатынасында айырықша рөл ойнағаны белгілі. Байырғы Жібек жолы ертеде алдымен осы аймақта тоғысып, одан соң шығыс пен батысқа қарай жалғасатын. Өз кезінде Жібек жолының әсерімен аймақтың геосаяси маңызы да арта түсті. VIII ғасырда бұл өңір Араб, Тибет және Таң империяларының таласу нүктесі болды. Бірақ, соңғы есепте, олардың қай-қайсысы да мұнда өздерінің үстемдігін орната алмады. Орта Азия мен Шығыс Түркістан ерте заманғы Ғұн, Түркі дәуірінде де, ортағасырлардағы Қарахан, Қара Қидан, Шағатай және Моғолстан хандықтары дәуірінде де аталмыш хандықтар мен қағанаттардың біртұтас саяси биллігіне бағынды. Сондықтан, ол географиялық тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да тұтас Орта Азияның немесе бір бүтін Тұранның ажырамас бөлігі болып келді.
Мақалада ең алдымен Қара хан мемлекетінің кезіндегі қарым-қатынасқа тоқталады. Мұнда ІХ ғасырдың орталарында орталық Моңғолиядан келген көне ұйғыр тайпалары мен жергілікті қарлұқ, яғма тайпаларының өзара араласуы нәтижесінде Шу, Талас өңірінде жаңадан құрылған Қара хан мемлекетінің сыртқы саясатына назар аударады. Одан соң, Қарахан мемлекетінің қос астанасының бірі ретіндегі Қашқардың тарихи орнына маңыз береді. Шығыс Түркістанның Қарахан мемлекетінің құрамында дамып өркендеу тарихына, илам дінінің таралуына, тұтас Жетішахардың түркілену процессіне талдау жасайды. Бұл қараханиттер мемлекеті дәуірінде Шығыс Түркістанның оның құрамдас бөлігі болғанын дәлелдейді. Мұндай тұжырым бұған дейін қалыптасқан тарихнамалық көзқарастарға түбірінен өзгеріс әкеледі.
Мақалада Шағатай және Моғолстан хандықтары кезіндегі Орта Азия мен Шығыс Түркістандағы саяси-экономикалық және этникалық жағдайларға талдау жасалады. Өгедей және Шағатай әулеттерінің арасындағы билік тартысы мен жергілікті дулат ақсүйектерінің хандықтың ішкі бөлігіндегі ықпалының артуы мемлекет шекарасының шығысқа және оңтүстікке қарай кеңеюіне әсер етті. Нәтижесінде Моғолстанның шығыс шекарасы Қытай қамалына дейін жетті. Ал Қашқар, Қотан, Жәркент, Ақсу, Күсән секілді ірі иеліктер мемлекеттің ішкі аймағына айналып қалды. Осынау фактілерге негізделіп автор Шығыс Түркістанның аталмыш кезеңде де тұтас Орта Азияға кеңейген Шағатай ұлысы мен Моғолстан мемлекетінің бір бөлігі болғандығын дәлелдейді.
Жүктеулер
Жарияланды
Дәйексөзді қалай келтіруге болады
Журналдың саны
Бөлім
Лицензия
Авторлық құқық (c) 2025 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Саяси ғылымдар. Аймақтану. Шығыстану. Түркітану сериясы

Бұл жұмыс Creative Commons Attribution-NonCommercial-NoDerivatives 4.0 Дүние жүзінде.




