Медиа жастардың азаматтық бірегейлігін қалыптастырудың факторы ретінде
Қаралымдар: 193 / PDF жүктеулері: 367
Аңдатпа
Мақалада жастардың арасындағы азаматтық бірегейліктің қалыптасуында
кездесетін мәселелер талқыланады, оның ішінде басты назар азаматтық бірегейлену
үрдісіне әсер ететін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің рөліне
аударылған. Қазіргі заманда орын алған халықаралық аренадағы турбуленттік жағдай
мен жаһандану үрдісінің белең алуы қоғамның, оның ішінде жастардың арасындағы
азаматтылық сана-сезімі мен өзін мемлекеттің азаматы ретінде сезінуінің өзекті
мәселелердің қатарына қосты. Осы орайда қазіргі жастардың ақпаратқа жеңіл
қолжетімділігін, түрлі ақпараттық арналардың тез таралуын ескере отырып,
олардың жастардың санасына, оның ішінде азаматтық бірегейлену үрдісіне тигізетін
әсерін зерттеу маңызды болып табылады.
Мақалада бұқаралық ақпарат құралдарының және әлеуметтік желілердің жастардың
азаматтық бірегейлігінің қалыптасуына тигізетін әсері анықталады. Сонымен
қатар, азаматтық бірегейліктің қалыптасуында жаңа медиа технологиялардың
әлеуеті қарастырылып, олардың бірегейлену иерархиясындағы орнына талдау жасалып,
азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда медианың әлеуеті көрсетіледі. Зерттеуде
бұқара ақпарат құралдарының әр түрлерінің жастардың бірегейлену үрдісіне ықпалы
анықталған. Онда дәстүрлі бұқара ақпарат құралдарының белгілі-бір рөлі айқындала
отырып, жаңа медиа, яғни Интернет пен әлеуметтік желілердің маңыздылығы
көрсетілген. Зерттеу Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы ақпаратты
қабылдайтын жастардың санасында бірегейлену иерархиясында айтарлықтай
өзгешеліктер байқалмайтынын көрсетті. Интернет және әлеуметтік желілер арқылы
ақпарат алатын жастарда өздерін Қазақстан азаматы ретінде сезіну деңгейі бірдей
екені анықталды. Ал дәстүрлі БАҚ-ын пайдаланушы жастардың санасында бірегейлену
иерархиясында өзгешеліктер байқалады. Зерттеудің практикалық маңыздылығын
зерттеу нәтижелерін ғылыми қызметкерлермен, сондай-ақ медиа, гуманитарлы
ғылымдары саласындағы мамандармен пайдалана алу мүмкіндігі құрайды. Бұл мақала
ҚР ҒЖБМ ҒК-нің қаржыландыру аясында әзірленді